Ресейдің Қазақстанмен шекаралас жатқан Омбы облысына барған іссапарымыз кезінде қонақ үйге «Омская правда» газетінің бас редакторы Андрей Мотовилов арнайы іздеп келіп, бізбен танысты. Мақсаты – мүмкіндік болып жатса, «Егемен Қазақстан» арқылы республика жұртшылығына Қазақстан мен Омбы облысының арасындағы ынтымақтастық жайын таныстыру екен. Біз келістік.
– Омбы облысы Қазақстанның Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарымен шектеседі, – деп бастады әңгімесін Андрей Мотовилов. – Өңіріміздің аталған осы үш аймақпен, сондай-ақ, Қазақстанның өзге де жерлерімен әр саладағы ынтымақтастығы жыл өткен сайын нығайып келеді. Бұған екі мемлекет басшыларының қосқан үлесі ерекше зор екенін қазақстандықтар да, ресейліктер де жақсы біледі. Оның үстіне бүгінде біздің облыста 79 мыңнан астам жергілікті қазақтар тұрады. Бұл Омбы аумағында тұратын халықтың 4,1 пайызын құрайды. Көпшілікпен бірге олар да ел экономикасының дамуына өз үлестерін қосып жүр.
– Өзара ынтымақтастықты тереңдетуде экономикалық салалардағы қатынастардың орны ерекше екендігін өзіңіз жақсы білесіз. Алдымен осы мәселелерден хабардар болсақ дейміз.
– Бүгінде Қазақстан мен Омбы облысы арасындағы экономикалық қатынастар орнықты дамып келеді. Оны экономиканың әр саласында жүзеге асырылып жатқан жұмыстардан көруге болады. Мысал үшін біздің облыс экономикасына тартылған шетелдік инвестицияны алайық. Көлемі жағынан қазақстандық инвесторлар бірінші орында тұр. Қазақстандық әріптестер, әсіресе, химия өндірісін, қайта өңдеу өнеркәсібін, көлік құралдарына қызмет көрсету және көтерме сауда салаларын көптеп қаржыландыруда. Жалпы, 2013 жылы Омбы облысының Қазақстанмен сыртқы сауда айналымы 405 498,3 мың АҚШ долларын құрады. 2014 жыл статистикасы наурыз айында белгілі болатындығына қарамастан, оған байланысты көрсеткіштер де артық болмаса кем емес деп толық сеніммен айта аламыз.
Қазіргі кезде облыста 150-ден астам ресейлік-қазақстандық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Алдағы уақытта өзара ынтымақтастықты дамыту мақсатында Омбы облысының үкіметі Алматы, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарымен экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы келісімдер жасады. Омбы облысының губернаторы жыл сайын Қазақстанмен шекаралас облыстардың әкімдерімен кездесулер өткізіп, түрлі салалардағы қарым-қатынастарды дамыту мәселелеріне назар аударып отырады.
Жыл сайын мемлекет басшыларының қатысуымен Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының өңіраралық ынтымақтастық форумы өтетіні белгілі. Бұл форум екі елдің шекаралас жатқан облыстарының бір-бірімен тиімді қатынастар орнатуына игі ықпалын тигізуде. Көршілерді жақындастыратын мұндай жиындардан омбылықтар ешқашан сырт қалған емес. Біздің іскер топ өкілдері қазақстандық әріптестерімен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Мысалы, өткен жылдың соңында омбылық делегация Қазақстанның мемлекеттік органдары, ұлттық компаниялары, сондай-ақ, алыс-жақын шетел кәсіпорындары өкілдерімен бірге «Ертіс-Инвест-2014» форумына қатысты.
Екіжақты ынтымақтастықта Омбы – Павлодар логистикалық торабын құру жобасы басымдыққа ие болып отыр. Өйткені, бұл жобаға Павлодар облысы мен Омбы облысы аралығындағы теміржол телімінің құрылысы ғана емес, сонымен қатар, Павлодар облысы мен Қытай арасындағы су көлігі қатынасы да кіреді. Бүгінде Ертіс өзенімен кеме қатынасын кеңейту мәселесіне федеральды үкімет қолдау көрсетіп отыр. Егер жоба жүзеге асырылатын болса, ол біздің өңірге де, көршілес Павлодар облысына да тиімді болар еді. Себебі, су арқылы жүк тасымалдау теміржолға қарағанда едәуір арзан.
– Қазақстанға да, Ресейге де ортақ осы Ертіс өзенінің мүмкіндігін омбылықтар қалай пайдаланып жүр?
– Ертіс өзені біздің ортақ байлығымыз. Ол – екі ел аймақтарын бір-бірімен байланыстыратын көпір. Жалпы, Ертіс өзені бойынан қысы-жазы тіршілік үзіліп көрген емес. Өткен жылы Омбыда осы өзеннің жағасында бағалы балық тұқымы өндірісі бойынша алғашқы зауыт ашылды. Жаңа жыл қарсаңында дүкен сөрелеріне «Бородино» деп аталатын сол кәсіпорында өндірілген бекіре балықтарының алғашқы партиясы түсті. Зауыттың қазіргі кездегі қуаты 50 тоннаға дейін балық, 500-700 килоға дейін уылдырық өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, ол жылына Ертіске жіберілетін бір миллионға жуық шабақ та өсіре алады. Міне, бұл осы су бассейнінде ауланған балық түрлерінің азаймауына ықпал етеді.
– Ауыл шаруашылығына қолайсыздау болған өткен жылдың өзінде омбылықтар мол астық жинады деп естідік.
– Біраз жылдардан бері ауа райының құбылмалы мінез танытуына байланысты егін шығымдылығы төмен болып келген еді. Ал өткен жыл омбылық аграршылар үшін өте табысты болды. Бітік шыққан егін алқаптарында механизаторлар мен комбайнерлер күндіз-түні еңбек етті. Өкінішке қарай, мол астықтың барлығын жинап алуға мүмкіндік болмады. Мәліметтерге қарағанда, астық алқаптарының 3-4 пайыздайы орылмай, қар астында қалған. Ал жиналған астық 3,2 миллион тоннаға жуықтайды.
Кезінде белгілі себептермен үзіліп қалған агротехникалық салалардағы ғылыми байланыстар соңғы жылдары қайта жандана бастағаны қуантады. Мысалы, Омбы облысын ғылыми қамтамасыз ету орталығы Қазақстанның бірқатар мекемелерімен бірлескен ғылыми жұмыстарды белсенді жүргізіп келеді. Сібір Ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Қазақстандағы ғылыми мекемелердің көпшілігімен кешенді зерттеулер жүргізуге арналған ұзақ мерзімді шығармашылық шарттар жасасқан.
– Андрей Евгеньевич, Омбы облысының оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық студенттер аз болмаса керек. Олардың жағдайлары қалай?
– Облыстағы жоғары оқу орындары мен кәсіптік білім беру мекемелерінде оқитын қазақстандық студенттердің саны үш мыңнан асады. Кәсіптік білім беру мекемелерінің күндізгі бөлімінде білім алатын студенттер федералды бюджет есебінен қаржыландырылады. Сондай-ақ, оларға шәкіртақы беріледі және қазақстандық студенттер жатақханамен қамтамасыз етілген. Сіздердің елдеріңізден келген қыз-жігіттердің көпшілігі Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінде, Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінде және П.А.Столыпин атындағы Омбы мемлекеттік аграрлық университетінде білім алады. Білім беру саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бір бағыты – қазақстандық ұстаздардың, жас ғалымдар мен студенттердің Омбы облысында өтетін халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысуы болып табылады.
Біздің ынтымақтастығымыз мәдени салада да ойдағыдай дамып келеді. Мәселен, өткен жылы Омбы қаласындағы Шоқан Уәлиханов көшесі толықтай қайта жөндеуден өткізілді, коммуникациялары жаңартылды және көше бойы түгел көгалдандырылды. Ұлы ғалым, атақты саяхатшы атындағы бұл жер бүгінде қаладағы ең көрікті мүйістердің біріне айналып отыр. Сондықтан да, сөз етіп отырған көше бойынан демалушыларды, сондай-ақ, көршілес Қазақстаннан келген қонақтарды жиі кездестіресіз. Оның үстіне Қазақстанның Ресейдегі консулдығының ғимараты да осында орналасқан. Әрі мұнда Шоқан Уәлихановтың ескерткіші бар. Омбылықтар ағартушы ғалымды ерекше құрметтейді. Өйткені, олар Шоқан Шыңғысұлының Омбы қаласының даңқына өзіндік зор үлес қосқанын жақсы біледі.
– Біздің білуімізше, Омбы облысы Ресейдегі көпұлтты өңірлердің бірі болып саналады. Аймақта ұлтаралық қатынастар қалай дамытылуда?
– Бұл өңір Ресей Федерациясында ұлтаралық қатынастарды дамыту жөніндегі субъектілердің бестігіне кіреді. Облыста 120-дан астам ұлт тұрады, өңір халықтар достығы ретінде өзге аймақтарға үлгі болып табылады. Қазір 60-тан астам ұлттық-мәдени бірлестік жұмыс істейді. Олар өздерінің салт-дәстүрлерін, мәдени құндылықтарын жаңғыртумен қатар, халықтар достығын нығайтуға да өз үлестерін қосып келеді. Солардың бірі әрі бірегейі – «Мөлдір» қазақ мәдени орталығы мен «Шоқан жолы» мәдени қоғамдық ұйымы.
Облыста ұлтаралық ынтымақтастықты нығайтуға арналған шаралар да тұрақты өткізіліп тұрады. Сондай жиынның бірі өткен жылдың қазанында «Омбы облысы – халықтар достығы аймағы» деген тақырыпта өтті. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік бұл конференцияға өңірлік және муниципальдық билік органдарының өкілдері, ұлттық-мәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, сондай-ақ, студенттер қатысты. Жиында Қазақстан Республикасының Омбыдағы консулы Елдар Қонаев құттықтау сөз сөйлегенін атап өту ләзім.
– Әңгімеңізге рахмет. Екі елдің достығына дәнекер бола беруді тілейміз.
Әңгімелескен
Жанболат АУПБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА – ОМБЫ – АСТАНА.